«Дені сау ұлт» әрбір азаматқа сапалы және қолжетімді медициналық көмек көрсету ұлттық жобасын іске асыру аясында Қазақстанда Дүниежүзілік психикалық денсаулық күні өткізіледі.
Психикалық денсаулық — адамның күйзеліске төтеп беруіне, өз әлеуетін іске асыруына, табысты оқуына және жұмыс істеуіне, қоғам өміріне үлес қосуына мүмкіндік беретін психикалық әл-ауқат жағдайы. Бұл — шешім қабылдау, қарым-қатынас орнату және қоғам өміріне қатысу қабілеттерінің негізін құрайтын денсаулық пен әл-ауқаттың ажырамас бөлігі.
Психикалық денсаулық — адамның негізгі құқықтарының бірі. Ол жеке, қоғамдық және әлеуметтік-экономикалық даму үшін маңызды. Өмір бойы әртүрлі жеке, әлеуметтік және құрылымдық факторлар психикалық денсаулықты қорғауы да, оған кері әсер етуі де мүмкін.
Дүниежүзілік психикалық денсаулық күні 1992 жылы Дүниежүзілік психикалық денсаулық ұйымының бастамасымен және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қолдауымен белгіленді. Оның мақсаты — психикалық денсаулық мәселелері және оған қамқорлықты халыққа қолжетімді ету үшін қажетті шаралар туралы хабардарлықты арттыру.
Психикалық денсаулықты қалай қолдауға болады?
Адамның физикалық және психикалық жағдайы өзара тығыз байланысты. Алдын алуға көңіл бөліп, қажет кезде маман көмегіне уақтылы жүгіну маңызды. Денсаулықты сақтауға мыналар ықпал етеді:
• Дене белсенділігі және теңгерімді тамақтану.
• Ағзаның қалпына келуіне көмектесетін, кемінде 7–8 сағатқа созылатын толыққанды ұйқы.
• Көңілге қуаныш сыйлайтын хобби мен сүйікті істер.
• Қызықты, ақжарқын адамдармен қарым-қатынас және жақындардың қолдауы.
• Ішкі ойлар мен сезімдерді бөлісу мүмкіндігі. Ұзаққа созылған күйзеліс, уайым және жағымсыз эмоциялармен жалғыз қалмай, тұйықталмау маңызды.
Құрметті пациенттер! Емханамызда штаттық психологтар жұмыс істейді. Тіркелген тұрғындар тіркеу бөліміне хабарласып, маманның қабылдауына жазыла алады.
